БҚО: Қадыр өлеңдерін туған жерінде үлкен де, кіші де жатқа оқиды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қазақтың ұлы ақыны, Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлидің 80 жылдығына арналған шаралар жалғасуда.

Әсіресе, ақынның туған жері - Сырым ауданында Қадырдың өлеңдеріне деген ынта-ықылас ерекше. Мұнда мектеп оқушысынан бастап ақсақалдарға дейін ақын жырларын жатқа оқиды. Бұл аудан орталығы Жымпиты ауылында ұйымдастырылған «Өлең жаздым тоғыз тарау, жеті өрім» атты әдеби кеш барысында айқын көрінді. Жымпиты халық театрының театрландырылған көрінісімен (онда ақын бейнесін Қайрат Илашев сомдады) басталған шарада алдымен мектеп оқушылары Қадырдың балаларға арнаған өлеңдерін оқыды. Одан кейін кезек жастар мен орта, аға буын өкілдеріне тиді. Соның ішінде Аралтөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер-ұстаз Жолдығали Өтейұлы ақынның «Ұлы махаббатын» тебірене оқыды. Дәстүрлі Қадыр оқуларының жүлдегерлері де қалысқан жоқ. Олардың арасында облыстық екінші Қадыр оқуларының жүлдегері Меңсұлу Сәрсен де бар. Ол дарабоз ақынның жүзден астам өлеңдерін мәнерлеп оқып бере алады. Шара барысында ақынның өмірі мен өлеңін қамтыған бейнефильм көрсетіліп, аудан әкімі Абат Шыныбеков, белгілі әдебиетші-ғалым, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасов, әнші-композитор, Қадыр атындағы қоғамдық қордың директоры Донеділ Қажымов және басқалар өз ой-естеліктерімен бөлісті. Бүгін Қадырға арналған шара Сырым колледжінде де жалғасын тапты. Сонымен қатар Орал қаласы мен облыс аудандарында жыл бойы өтетін болады.

Соңғы жаңалықтар