БҚО: Индерге дейінгі экспедиция барысында тың олжалар табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Индер - Орал өңірінің болашақ геопаркі» атты халықаралық экспедиция мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 55 жылдығына орай ұйымдастырылған сапар барысында қазақстандық және ресейлік ғалымдар алдымен Тасқала ауданындағы Үлкен Ешкітауды зерттеді.

Биіктігі 259 метр тауда өсімдіктің 41 түрі өседі, сылдырап ағып жатқан бұлақ та бар.

Экспедицияның негізгі бағыты Атырау облысындағы Индер ауданы еді. Индер тұзды көлінің құрамында бор, бром, иод секілді микроэлементтердің көп болуына байланысты аса бағалы болып есептеледі. Көл жағалауында Тұзбұлақ аталатын шипалы жерге тұрғындар келіп, емделеді.

Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөкей ордасы ауданындағы Аралсор, Хан ордасы ауылындағы тоғай, көне орындар мен қасиетті мекендер де назардан тыс қалған жоқ.

Экспедиция мүшесі, палеонтолог, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, РҒА жанындағы Палеонтология қоғамы Ульянов бөлімшесінің төрағасы Владимир Ефимовтің айтуынша, бұдан бұрын, 2016 жылы батысқазақстандық жас геологтар Зеленов ауданы Краснов ауылдық округінен мезозой дәуіріне жататын ең көне ихтиозаврды тапқан болатын. Бірегей олжаның Қазақ жерінен табылуына байланысты ол «Қазақстанзавр» деп аталды.
null

«Бұл жолы да олжасыз емеспіз. Белгілі ғалым Виталий Очев өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары Индерде қазба жұмыстарын жүргізген кезде лабиринтодонттың сүйектерін тапқан еді. Осы сапарымызда да лабиринтодонттың қабырғаларына, жақ сүйектеріне кезіктік. Алдағы уақытта мұны зерттейтін боламыз», деді В.Ефимов.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті биотехнология және табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу институтының директоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор, «Қазақстан ұлттық география қоғамы» РҚБ мүшесі Қажымұрат Ахмеденовтің нақтылауынша, экспедицияның бастапқы олжалары ретінде мыналарды айтуға болады. Біріншіден, Тасқала ауданындағы Үлкен Ешкітауда алғаш рет қара грифтердің мекендегені тіркелді. Мұны далалық аймақ үшін таңғалаларлық жағдай деуге болады. Екіншіден, Владимир Ефимов айтқан лабиринтодонттың сүйектері оның бұдан 300 млн жыл бұрын мекендегенін дәлелдейді. Үшіншіден, Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылы маңында сарықарын жылан табылды. Бұл «Қызыл кітапқа» енгізілген аталмыш жыланның ең солтүстік жақтағы ұшырасуы болып отыр. 

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеттің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров экспедиция тарихи орындарға назар аударғанын жеткізді. Мысалы, Тасқала ауданында өлкетанушы Ғалым Хисаметдиновтың көрсетуімен І Шежін ауылы маңындағы көне қорымдарға жол түсті. Мұндағы құлпытастар XVIII-XIX ғасырларға жататынын көрсетеді. Сол секілді Индер ауданында Шелекмола, Ақшадыра, Қарабала-Қантемір қорымдарының да ХІХ ғасырға жататыны көрініп тұр. Бұл қорымдар мемлекеттік бақылауда есептелгенімен, қоршалмағандықтан, мал тұяғымен тапталған, сондықтан жергілікті орындар тарапынан қорғауға алынса, жақсы болар еді. Әсіресе, Ақшадыра қорымында құлпытастар құлаған, сынған, жоғалып-ұрланып кеткен секілді, аз қалған. Қызәулие аталатын қорым да бар, оған жергілікті халық тәу етеді. Көл қыздың жасынан пайда болған деген аңыз бар. Жалпы, Индер көлі маңын адамдар демалатын, ем алатын және тарихи ескерткіштерді тамашалайтын өңірге айналдыруға болады. Махамбет пен Малайсары кесенесі, Бөкей ордасы ауданындағы Хан зиратына тағзым етілді. Осы маңдағы Сүлеймен мен Сағи хазіреттердің, сондай-ақ Жасыбай атаның бейіттері де   болашақта архив деректерімен салыстыра отырып, зерттеуді қажет етеді.

null

«Қорыта айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қазақстанның батыс өңірінің табиғаты мен тарихын танып-білуге, зерттеуге мол мүмкіндік беріп отыр. Экспедиция қорытындысына сәйкес ғылыми байламдар жасалатын болады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Хайдаров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстаннан Индерге дейін халықаралық экспедиция ұйымдастырылып жатқанын жазған болатынбыз.

nullnull

Соңғы жаңалықтар