БҚО-ға коронавирусқа қарсы егілетін 5500 доза вакцина жеткізілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысына коронавирусқа қарсы егілетін 5500 доза Гам-КОВИД-Вак (Sputnik V) вакцинасы жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның ішінде 3250-і – бірінші, 2250 дозасы – екінші компонент.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, вакцинация кесте бойынша жүргізіледі. Бірінші кезекте бастапқы кезеңге ілікпей қалған, коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлері егіледі. Одан әрі мұғалімдер мен күштік құрылымдар қызметкерлеріне екпе салу жоспарлануда.

Облыс бойынша коронавирусқа қарсы егу жұмыстары 1 ақпаннан басталған болатын. Ал 22 ақпаннан вакцинаның екінші компонентімен егу басталды.

«Бірінші дозадан кейін антиденелердің аздаған мөлшері нәтижесінде ұзаққа созылмайтын қорғаныш әсері қалыптасады. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтіп, адам ағзасындағы антиденелер саны көбейеді. Қазіргі таңда бастапқыда егілгендердің барлығы дерлік (950-ден астам адам) вакцина алды. Жақын күндері оларды екінші компонентпен егуді аяқтау көзделуде», деді А.Қалибеков.

Күні бүгін 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 77 науқас емделуде. Ал 591 төсектік 7 инфекциялық стационарда 284 адам жатыр. 17 науқас жансақтау бөлімшесінде.

Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 2, инвазивті емес аппаратқа 8, оттегі концентраторына 7, орталықтандырылған оттегі көзіне 92 адам қосылған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған 276 адамның стационарда жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар