БҚО: діни радикализмнің алдын алудың маңызы зор

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық қазақ драма театрында «Діни радикализмнің алдын алудың практикалық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Оған Ресей Федерациясының Татарстан Республикасы мен Саратов облысынан және Қазақстан өңірлерінен ғалымдар қатысып, өз ой-пікірлерін, тәжірибелерін ортаға салды.

Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың сарабдал саясаты арқа­сын­да мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысында тұрған Қазақстан алуан түрлі ұлттар мен діндердің жарасым тапқан ортақ мекені болып отыр. Бір шаңырақтың астында 140 этностың өкілдері бейбітшілік пен келісімде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың өз дінін еркін ұстануы, ана тілінде оқып және пайдалануы, өз халқының туған мәдениеті мен дәстүрін дамытуы үшін барлық жағдай жасалған.

Қазақстан жеріндегі тұрақтылық пен елдің сүттей ұйыған бірлігі әлем мойындаған феномен болып қалыптасты.

Елбасымыздың салиқалы саясаты негізінде ҚР Конституциясы, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының негізгі аспектілерін түсіндіру, сол арқылы қоғамдағы келіспеушілік пен жікшілдіктің алдын алу, оны болдырмау бағытында Батыс Қазақстан облысында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында тоғыз конфессияны құрайтын 71 діни бірлестік қызмет етуде. Соның ішінде 43 мешіт, 14 шіркеу, 6 протестанттық үй және 1 католиктер приходы. Сондай-ақ облыс бойынша тіркелген 4 намазхана, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ-ға) қарасты «Орал» медресесі (исламдық орта арнаулы білім беру оқу орны) діни оқу орны бар. Діни алауыздық пен радикализмнің жолына тосқауыл қойып, экстремизм мен лаңкестік көріністеріне жол бермеуде мем­лекеттік құзырлы органдар, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар жұмыла қызмет жасау үстінде. Оның нәтижесі ретінде облыс бойынша құрылған 26 ақпараттық-насихат тобын айтуға болады. Батыс Қазақстан облысы әкімінің 2014 жылы 4 наурыз күнгі қаулысымен Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды. Мекеме мамандары халықпен, мемлекеттік қызметкерлермен, жастармен, деструктивтік ұйым жолындағы азаматтармен барынша байланыс ұстап, өз бағыттары бойынша жұмысын бастады. Қазіргі таңда 13 маман қызмет етіп жатқан орталыққа жергілікті бюджеттен биыл 78 млн. теңге бөлінді. Соның ішінде 52 млн. теңге діни сауаттылықты арттыруға арналған діни-танымдық кітаптар мен кітапшалар, аудио-бейне дискілер шығаруға берілді.

Конференцияда сонымен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» аналитикалық жұмыс бөлімінің басшысы Мұқан Исахан, БҚО прокурорының орынбасары Халидолла Дәуешев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы, Саратов облысы қоғамдық байланыстар және ұлттық саясат комитеті діни және ұлттық ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы, философия ғылымдарының кандидаты, Н.Г.Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университеті теология және дінтану кафедрасының доценті Иван Дорошин, Татарстан Республикасы Ресей ислам институтының оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты СаидАмир Шагавиев, осы институттағы қашықтықтан оқыту орталығының директоры Ильшат Назипов және басқалар діни радикализмнің алдын алудағы өз ойларымен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар