БҚО депутаттары Зеленов ауданының атауын өзгертуді қолдады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары Зеленов ауданының атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, ауданның 22 ауылдық округі мен аудан орталығында Зеленов ауданының атауын Бәйтерек деп атау жөнінде ұсыныс талқыланып, ол көпшілік тарапынан қолдау тапты.

Сонымен қатар аудандық тұрақты комиссия мұны бірауыздан қуаттап, Зеленов ауданы әкімдігі мен мәслихаты біріккен қаулы мен шешім қабылдады.

Ұсынысты облыстық мәслихат депутаттары да мақұлдады.

«Енді Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның қарауына облыс әкімдігі мен мәслихаттың біріккен қаулысы және шешімі жіберіледі», - деді А.Мыңбаева.

Айта кетейік, Зеленов - облыстағы ірілендірілген ауданның бірі. 1997 жылы оған бұрынғы Приурал ауданы да кірді. Зеленов Ресейдің Самара облысы Большечернигов, Орынбордың Первомай, Ташла, Саратовтың Озинки, Перелюб аудандарымен шектеседі. 

Соңғы жаңалықтар