БҚО денсаулық сақтау нысандарында санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өңірдегі денсаулық сақтау нысандарында бірқатар санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен мәлім еткеніндей, бұл туралы өткен жылғы тексерулерден кейін белгілі болды.

Соның ішінде дезифекциялық-стерилдеу тәртібін сақтау, медициналық қалдықтарды жинау (жою), құжаттарды жүргізу кезінде талапты бұзушылық жиі анықталады.

Мысалы, денсаулық сақтау нысандарындағы үстел, қабырға, терезе жақтауларынан, құрылғылар мен медқызметкерлердің арнайы киімдерінен 2989 жұғын алынып, «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалында зерттелген кезде соның 29-ынан сәйкессіздік анықталды. Яғни 24-нен ішек таяқшасы тобының бактериялары, бесеуінен алтынтүстес стафилококк табылды.

Қоршаған орта ауасының сәйкестігіне қатысты 1201 сынама алынып, соның 35-і (Жәнібек, Зеленов, Қаратөбе аудандық орталық ауруханалары, «Аскопстома» және «Олимп - Дента» ЖШС жеке стоматологияларында) талапқа сәйкес келмеді.

Стерилділікке алынған 574 материалдың біреуі (Шыңғырлау аудандық орталық ауруханасы) сәйкес болмай шықты. Дезинфекциялық ерітінділер концентрациясына қатысты 175 сынама зерттеліп, соның 13-і (Зеленов, Қазталов аудандық ауруханаларында) сәйкес келмеді.

Зертханалық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктердің жоғары пайызы Зеленов (13 пайыз), Қаратөбе (3 пайыз) және Жәнібек (2,1 пайыз) аудандық ауруханаларында байқалып отыр.

«Өткен жылғы тексерістер бойынша меншік иесіне қарамастан, анықталған жайттар бойынша шара қолдану ұсынылды. Соның нәтижесінде 103 айыппұл салынды, бұзушылықтарды жою жөнінде 41 ұсыным берілді. 26 медицина қызметкері жұмыстан уақытша шеттетілді. Мұндай талапты бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын облыста кейбір өнімдердің талапқа сай еместігі анықталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар