БҚО-дағы тәртіптік кеңес мекеме басшысын қызметінен босату жөнінде ұсыныс жасады

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің 22 қаңтар күнгі отырысында мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік істері қаралды.

Отырыста алдымен ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясында бірқатар кемшіліктердің орын алғаны атап өтілді. Атап айтқанда, үш аудандағы бас мамандарға қызметтік тексеру жүргізілмей және тәртіптік комиссияда істері қаралмастан, тәртіптік жазалар берілген. Осыған байланысты тиісті шаралар алу жөнінде ұсыныс жасалды. Ал аталған комитетке қарасты Жаңақала аудандық инспекциясы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талаптарын өрескел бұзған. Өткен жылы ауданда 902 ірі қараның бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталып, оның 601-і мал сою орындарына жеткізілген де, қалған 301 басы әркімнің ауласында пышаққа ілінген немесе етпен айналысатын жеке кәсіпкерлерге тапсырылған. Яғни, сол малдың иелері, барлығы 112 адамға берілген нұсқама орындалмаған. Шын мәнісінде нұсқаманы орындамағаны үшін сол адамдарға әкімшілік айыппұл салынуы керек еді, мұның көлемі 1 млн. теңгеден асқан, бұл шара да қолданылмаған. Жалпы, ауданда бруцеллезге жатқызылған малды жою жұмыстары бақыланбайтыны белгілі болды. Осыларды талқылай келе, тәртіптік кеңес аудандық инспекция басшысы Қайсар Жақашевті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы 4-тармақшасына сәйкес қызметінен босатуды, ал бас маман Нұргүл Нұрмұханованы 10-тармақшаға сәйкес, қызметіне сай еместігі туралы ескерту беруді ұсынды.

Жалпақтал ауылындағы Қазталов ауданы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры Асқар Әміров қос бірдей қызметкерді жаңа қызметке тағайындау кезінде заң талаптарын ескермеген. Бұл іс мәні бойынша шешім қабылдау үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына жолданды. БҚО құрылыс басқармасы бір топ лауазымды қызметкерлерінің тәртіптік істері сотта қаралып жатқандықтан, кейінге қалдырылды.

Соңғы жаңалықтар