БҚО-да жылқыға соғылған көлік апатына байланысты аудан әкіміне сөгіс жарияланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында көліктің жылқыға соғылып, бір отбасыдан үш адамның қаза табуына байланысты Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовке сөгіс жарияланды. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кеңес отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншиннің мәлім еткеніндей, Ақжайық ауданы аумағында 16 мамыр күні түнде Орал-Атырау жолыныда «ВАЗ-21113» автокөлігі екі жылқыға соғылды. Жол апатында үш адам мерт болды, оның біреуі – жасөспірім. Тағы екеуі жарақат алды. Малдың иесі анықталған жоқ.

«Қараусыз жүрген малға автокөліктің соғылуы тоқталмай отыр. Әсіресе, түнгі уақытта жолдың бойында жүрген мал қауіп төндіреді», - деді Ж.Жаншин.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев бұдан бұрын да кеңес отырыстарында осы мәселенің қаралып, аудан әкімдеріне тиісті тапсырма берілгенін жеткізді.

«Малға қатысты жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында қатаң шаралар қолдану жөнінде, әсіресе республикалық маңызы бар жолдар өтетін аудандар әкімдіктеріне ескертілді. Соған қарамастан, Ақжайық ауданында бір отбасының үш адамы қаза тапты. Осыған байланысты аудан әкіміне сөгіс жарияланады», - деді облыс басшысы.

Кеңесте сондай-ақ «Электронды бақташы» құрылғысын енгізу, малды бірдейлендіру, соның ішінде жылқыны таңбалау бағытында тиісті жұмыстардың атқарылуы қажеттігі атап өтілді.


Соңғы жаңалықтар