БҚО-да жыл басынан бері 376 қылмыстық іс қаралды

None
None
ОРАЛ. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері сотта 376 қылмыстық, 4 мыңға тарта азаматтық, 3 мыңға жуық әкімшілік іс қаралған.

Бұл туралы  облыстық сот жүйесінің бірінші тоқсанының қорытындысына арналған баспасөз брифингінде  облыстық соттың судьясы Есенбай Боранбаев мәлімдеді.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған мерзім ішінде рақымшылық актісі бойынша 113 тұлға қамаудан босатылса, оның бесеуі - кәмелет жасына толмағандар. Сондай-ақ алқа билердің қатысуымен жыл басынан бері 3 қылмыстық іс  қаралған.

Тасқала аудандық сотының үкімімен қызмет бабын пайдаланып, мекеменің шаруашылық бөлімі меңгерушісімен келісіп, 5 млн. 424 мың теңгені жымқырған С.Жақсығұлов атындағы орта мектебінің бас есепшісі Молдағалиеваның мүлкі тәркіленіп, бес жылға бас бостандығынан және бес жылға дейін мемлекеттік әкімшілік лауазымды атқару құқығынан айырылған. Ал қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушы Арыстан Садвакасовтың ісін қарауда. Өткен күзде Зеленов ауданының Зеленый ауылында А.Садвакасов өзінің азаматтық некедегі әйелін қылғындырып өлтіріп, мәйітті ауласындағы жертөлеге жасырып, әйелінің барлық құжатын өртеп жіберген болатын.

Жылдың бірінші тоқсанында облыс соттары қамауға алуға санкция беру жөнінде 107 материалды қараған. Мәселен, Орал қалалық соты облыс аумағында лаңкестік топты ұйымдастыруға және сол топтың қызметіне қатысы бар деген айыппен 6 батысқазақстандықты қамауға алған. 28 бен 30 жас аралығындағы күдіктілер терроризмді және діни экстремизмді уағыздап, тұрғындар арасында теріс пиғылдағы насихат материалдарын таратқан. Сондай-ақ олар Сауд Арабиясындағы мұсылман басшыларының біріне бейнежолдау жазып, жарылғыш заттар жасаумен шұғылданыпты. Тергеу амалдары кезінде аталған топтың халықаралық террористік ұйымдармен байланысы бар екендігі  де анықталды.

Биылғы 21 ақпанда облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Жайық-Каспий» экология департаментінің  талап арызы бойынша «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының 2010 жылы қоршаған ортаны ластағаны үшін 7,5 млрд. сомадағы залалды өтеуі жөніндегі ісі қаралды. Нәтижесінде аталған кәсіпорыннан 7 525 695 049 теңге өтемақы және 225 770 851 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру жөнінде сот шешімі шығарылды.

Былтырғы облыс аумағындағы су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарға байланысты да тұрғындардың шағымы бойынша бірқатар істер сотта қаралуда. Зеленов аудандық №2 сотының өндірісіне биылғы жылдың бірінші тоқсанында су тасқынынан зардап шеккендерден 9 талап арыз түскен. Арыздарда апатты жағдайдағы жеке тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары кезінде құжаттарының жартылай жарамсыз деп танылғаны,  келтірілген залалға қайта бағалау  жүргізілгені туралы айтылған. Сондай-ақ  26, 27 наурызда  зеленовтық сотқа тағы 7 талап арыз түскен. Бұл шағым бойынша Зеленов аудандық әкімдігі, аудандық сәулет және құрылыс бөлімі, аудандық ТҮКШ бөлімі, Раздольный ауылдық әкімдігі сот алдында жауап береді.

Биылғы наурыз айында облыстық кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ашылғаны да мәлім. Жыл басынан бері өңірде жасөспірімдерге қатысты 17 қылмыстық іс аяқталып, сот үкімімен 12 тұлға сотталған.

Брифингте Есенбай Боранбаев сот жүйесінің қызметіне байланысты журналистердің сауалдарына да жауап берді.

Соңғы жаңалықтар