БҚО-да жолдар жабылып, ауа райына байланысты тағы да ескерту жарияланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығына орай жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, бірқатар жерлелде бұрқасын көтеріліп, желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жеткен.

Осыған байланысты республикалық маңызы бар Переметный - РФ шекарасы, Қазталов - Жәнібек - РФ шекарасы жолдарында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.

Сонымен қатар Тасқала - Аққурай - Болашақ және басқа облыстық жолдар да жабылып жатыр.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша қолайсыз ауа райы ертең де сақталады. Кей жерлерде бұрқасын, тұман, көктайғақ болып, оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал.

Орал қаласында да жаяу бұрқасын жүріп, тұман түседі, көктайғақ болады. Желдің екпіні секундына 17 метрге дейін күшейеді.

«Қазіргі кезде тұрғындарға СМС хабарламалар жіберіліп, ескертілуде», деп хабарлады ТЖ департаментінен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бұрқасын көтеріліп, көктайғаққа ұласатыны жөнінде жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар