БҚО-да жол апатынан тірі қалған науқасқа 10 сағат ота жасалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан тірі қалған науқасқа 10 сағат ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, Батыс Қазақстан облысында жол апатынан алты адам қаза тапқан болатын.

Сонымен қатар Атырау облысының 42 жастағы тұрғыны түрлі жарақатпен Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық ауруханасына жеткізілген еді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, ауылдық аурухана дәрігерлері алғашқы тексеру кезінде іштің жабық жарақатын байқады. Оған медициналық жәрдем көрсетіліп, ем-дом қолданылды. Алайда 22 ақпан күні сағат 22.00-ге қарай науқастың жағдайы нашарлай бастады. Сол себепті Чапаев ауылындағы аудандық аурухананың хирургтер тобы шақырылды. Аурухана директоры, жоғары санатты хирург Алмас Жүнісбеков пен хирург Дәурен Құдесов іш қуысына ота жасады. Әйтсе де әріптестердің жәрдемі қажет болды. Күн боран еді, сондықтан Оралдан мамандарды шақыру мүмкін болмады.

Көмекке Жаңақала аудандық ауруханасының бас дәрігері, ота жасауда 14 жыл және медициналық авиацияда тәжірибесі бар, жоғары санатты хирург Сержан Есенгөбеков шақырылды. Чапаевтан әрі қарай боранға байланысты тас жол жабық болғандықтан, дәрігердің мақсатын білгеннен кейін оны патрульдік полиция батальонының екі қызметкері көліктерімен Тайпаққа жеткізді.

Осындай бірлескен іс-қимыл нәтижесінде науқасқа 10 сағаттан астам уақыт бойы ота жасалды.

«Қазір ер адамның жағдайы ауыр, оны тасымалдау мүмкін емес, дегенмен жарақат салдарын жеңіп, өмір сүреді деген үміт бар», деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, БҚО-да табиғи газдан уланған 14 адамның ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар