БҚО-да жол апатынан екі сәби зардап шекті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жол апатынан екі сәби зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 26 маусым күні шамамен 22.00-ден кейін Ақжайық ауданы аумағында, Атырау-Орал жолының 351-шақырымында болды.

«Черри» автокөлігін айдаған 1979 жылғы жүргізуші «ЗИЛ» автокөлігін айналып өтем деп аударылып қалған.

Автокөлікте 6 жолаушы болған. 19 жастағы әйел жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Сондай-ақ омыртқасы, қабырғалары сынған. Басы мен иық тұсы көгерген екі айлық сәби облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Бір жасар баланың да самай тұсы көгерген.

Медициналық куәландыруға сәйкес жүргізуші ішімдік ішпеген.

Тағы бір оқиға да түнде Орал қаласында М.Шолохов пен Ғ.Құрманғалиев көшелерінің қиылысында болды.

«Тойота» шағын автобусы тоқтап тұрған скутер мен «ВАЗ-2110» автокөлігімен түйіскен.

Салдарынан 5 адам ауруханаға жеткізілді. Скутерде отырған 17 жасар жасөспірім жансақтау бөлімінде көз жұмды. Скутердің жүргізушісі көптеген дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.

Жеңіл көлікте болған үш жолаушы дәрігерлер қарағаннан кейін үйлеріне жіберілді.

Бұл жүргізуші де ішімдік ішпеген. Алдын ала болжам бойынша ол ұялы телефонға алаңдаған.

Бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Барлық сараптама тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар