БҚО-да жол апатынан әйел адам ауыр жарақат алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жол апатынан әйел адам ауыр жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға 15 маусым күні болды.

Ақсай қаласынан 18 шақырым жерде автокөлік жолдан шығып кетіп, аударылып қалған. Жедел жәрдем сағат 13.22-де шақыртылды.

Жол-көлік оқиғасынан төрт адам зардап шекті. Денесі көгерген 1984 жылғы әйел қаралғаннан кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді. 2014 және 2016 жылғы қыздар жарақат алмаған, дегенмен олар таңға дейін Бөрлі аудандық ауруханасында дәрігерлердің бақылауында болды. Олардың екеуі де 16 маусым күні үйлеріне жіберілді.

Сынық жарақаттарын алып, денесі көгерген 1993 жылғы әйел жансақтау және жедел терапия бөліміне жатқызылды.

«Әйелдің жағдайы ауыр, ертең санавиациямен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізу көзделуде», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сақпосынова.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылағанындай, 15 маусым күні сағат 13.00 шамасында Ақсай-Федоров жолының 9-шақырымында 1984 жылғы жүргізуші "Wolkswagen Sharan" автокөлігінің руліне ие бола алмай, аударылып қалған. Бөрлі ауданы полиция бөлімі аталған оқиға бойынша тергеу амалдарын жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар