БҚО-да жергілікті жолдарды жөндеу кезінде 42 бұзушылық анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жергілікті жолдарды жөндеу кезінде 42 бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеевтің айтуынша, жергілікті маңызы бар жолдардағы жөндеу барысына сараптама жасау кезінде құны 85 млн теңге болатын жұмыстарды қайта қалпына келтіруге нұсқама берілді.

Атап айтқанда, «Юнисерв» ЖШС «Барбастау – Ақжайық – Индер» жолының 43-93 км (19 млн теңге), «ДСК-Приоритет» ЖШС «Ақсай – Шыңғырлау» жолының 51-69 км (55 млн теңге), «Айдана» ЖШС «Федоров – Ақсай» жолының 28-43 км (11 млн теңге) жобасы бойынша асфальт жамылғысын қайта төсейді.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл жергілікті жолдарды жөндеуге 26,7 млрд теңге бөлініп, қазіргі кезде 60 жобаны (21-і өткен жылдан ауысқан, 39-ы – жаңа) жүзеге асыру жоспарлануда.

Соның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен 23,8 млрд теңге қаралса, жергілікті қазынадан 2,5 млрд теңге берілді.

А.Меңеевтің сөзіне қарағанда, осы қаражатқа 350 шақырым жергілікті жолды жөндеу көзделуде. Атап айтқанда, Барбастау – Ақжайық – Индер (43-93 км), Бөрлі – Ақсай – Жымпиты (68-139 км), Чапаев – Жаңақала – Сайқын (130-191 км) жолдары қайта салынып жатса, Федоров – Ақсай (28-82 км), Тасқала – Аққурай – Болашақ (96-157 км), Ақсай – Шыңғырлау жолдарында орташа жөндеу жүргізіледі. 193,3 км аудандық маңызы бар жол жөндеу де жоспарда.

Биылғы қаржыландыру көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда, 2-3 есе көп.

Алты айдың қорытындысы бойынша 55 жоба бойынша жұмыстар басталып, 70 шақырым жол жөнделді. Қалған 5 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда.

Облыс жолдарында 12 мердігер ұйым (соның 10-ы – жергілікті) жөндеу жұмыстарын жүргізсе, соның барысын 10 техникалық қадағалау ұйымдары (барлығы жергілікті емес) бақылауда.

Сонымен қатар 18 асфальтбетон зауыты, 2 бетон зауыты, 6 темір жол торабы қызмет көрсетсе, жобаларға 2 мыңға жуық жұмысшы тартылған.

Басқарма басшысының мәлім еткеніндей, жобаларды жүзеге асыру үшін 18 мың тонна битум және 96 мың тонна қиыршықтас керек. Әйтсе де битум 1 700 шақырым жердегі Маңғыстау облысындағы «CaspiBitum» зауытынан, ал қиыршықтас 700-800 шақырым қашықтықтағы Ақтөбе облысының кен орындарынан темір жол қатынасы арқылы тасымалданады.

«Қазіргі таңда жергілікті жолдардың 3 733,5 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Осы орайда жобалардың құнын арзандатып, соған сәйкес жөндеу жұмыстарымен барынша ұзақ шақырымдарды қамту көзделуде. Жобаларды жасақтау кезінде жаңа технологиялар енгізілуде. Айталық, топырақты «Акропол», «АНТ», «Никофлок» және басқа материалдармен тұрақтандыру арқылы қиыршықтасты пайдалануда азайтуға мән берілуде. Бұл жөндеу құнын бір шақырымға шаққанда 120-150 мың теңгеден 60-70 мың теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл технология елді мекендерге кіреберіс аудандық маңызы бар және қарқындылығы төмен облыстық жолдар жобаларында қолданылуда», деді А.Меңеев.

Жол саласын қаржыландыру көлемінің ұлғаюы мердігер ұйымдар арасында бәсекелестікті арттыруда. Әсіресе, бұл жергілікті мердігер ұйымдардың көбеюіне септігін тигізуде. Мысалы, 2012 жылға дейін облыста 4 мердігер ұйым болса, күні бүгін олардың саны 12-ге жетті.

«Осындай іс-шаралар нәтижесінде өңірдегі жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық күйдегі үлесін жыл соңында 50 пайызға дейін жеткізу көзделуде», дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, БҚО бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 176,1 шақырым болса, соның 1 414 шақырымы – республикалық, 4 762,1 шақырымы – жергілікті жолдар. Қазіргі таңда жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық күйдегі үлесі – 39 пайыз немесе 1 857,2 шақырым.


Соңғы жаңалықтар