БҚО-да жер заңнамасын бұзған шенеуніктерге айыппұл салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жер заңнамасын бұзғандарға 17,8 млн астам теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын  бақылау басқармасының басшысы Салауат Ғаббасовтың Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім еткеніндей, осыған қатысты жыл басынан бері өңірде 202 тексеріс жүргізілген.

Соның нәтижесінде 164 заңбұзушылық анықталып, 94 тұлғаға 17 млн 844,5 мың теңге айыппұл салынды. Қазіргі кезде соның 14 млн астам теңгесі өндірілді.

«Жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығы және жеке, сондай-ақ заңды тұлғалардың жер телімдеріне тиісті құқық беру туралы өтініштерін қарау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Жаңақала, Сырым аудандары және Мичурин ауылдық округі әкімдері шешімдерінің заңдылығына байланысты тексеру амалдары жүргізіліп, нәтижесінде заңбұзушылықты жою жөнінде нұсқамаларды орындау туралы хаттар жолданды. Заңды және жеке тұлғалардан түскен арыз-шағымдар негізінде, олардың өтінішхаттарын қараудың белгіленген мерзімдерін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 137-бабы 2-тармағына сәйкес Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бисембалиевке, орынбасары Әлия Арыстанова және Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласы әкімі аппаратының бас маманы Жадыра Қуанышеваға жалпы сомасы 108 мың 225 теңге айыппұл салынып, өндірілді»,- деді Салауат Ғаббасұлы.

Айта кетейік, БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұқанбетжанова келтірген мәліметке қарағанда, облыста 2012-2018 жылдары 1 млн 448 мың гектар жердің пайдаланылмағаны анықталып, күні бүгінге дейін соның 1022 мың гектары қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы айналымына қайтарылмаған 431 мың гектар жердің негізгі бөлігі Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Қазталов, Сырым және Шыңғырлау аудандарының үлесіне тиеді. Бұл жерлер шалғайда орналасқан әрі өнімділігі төмен.

Тиісті түсінік жұмыстары жүргізілгеннен кейін жер пайдаланушылар 361 мың гектар жерді игерді.

Қазіргі таңда анықталған жерлерден 65 мың гектар қайтарылмай отыр, бұл бойынша ұйғарымдар берілді. Ұйғарым мерзімі біткеннен кейін қайта тексеріс жүргізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар