БҚО-да жер кезегіне тұрушылар саны күрт артты

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жер кезегіне тұрғандар саны 158 мыңнан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтырғы қараша айында өңірде жер кезегінде тұрғандар саны 105 мыңға жуықты құраған болатын. Жеті айда бұл тізім күрт ұлғайды.

БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев мәлім еткеніндей, қазіргі таңда жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін алу үшін 158 261 адам есепте тұрса, соның 108 490-ы Орал қаласының тұрғыны.

Оның айтуынша, үй салу үшін облыс аудандарында 2021 жылы 250, биыл 117 жер телімі берілді.

Күні бүгін инженерлік жүйелермен қамтамасыз етіліп, табыстауға дайындалған жер телімдерінің саны – 2650. Соның ішінде Орал қаласына қарасты Круглоозерный кенті аумағында – 1141, Ақжайық ауданында – 270, Бөрліде – 257, Жаңақалада – 110, Бәйтеректе – 143, Казталовта – 140, Теректіде 528 жер телімі кезекте тұрғандарға берілмек.

Басқарма басшысының айтуынша, Қазақстан Президенті жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін алуға кезекте тұрғандардың бірыңғай тізілімін әзірлеуді тапсырған болатын. Осы мақсатта ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұрын кезекке тұрған азаматтардың тізімдерін бірыңғай жүйеге енгізу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін алуға кезекке қою процесі автоматтандырылды. Биылғы 25 наурыздан бастап әр азамат жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер теліміне кезекке eGov.kz порталы арқылы тұра алады.

«Бұл ретте жер беру тәртібі өзгермегенін атап өткім келеді, яғни азаматтардың өтініштері жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған жағдайда, тиісті инженерлік желілермен қамтылып, дайын болуына қарай қанағаттандырылады. ЕGov.kz порталы арқылы кезекке қою және кезектен шығару қызметі азаматтардың тек өздеріне ғана қолжетімді, ЭЦҚ арқылы жүзеге асырылады, ал деректерді өзектендіру уәкілетті органдар арқылы жүргізіледі», деді М.Өмірәлиев.

Бұдан бұрын БҚО-да 451 мың гектар ауылшаруашылық жері пайдаланылмай жатқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар