БҚО-да желтоқсанның алғашқы күндері 100-ден астам адамнан коронавирус анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қараша айында 1053 адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, желтоқсанның алғашқы күндері 104 адамнан індет табылды.

Сонымен қатар 12 адамның вирусы анықталмаған пневмонияға шалдыққаны белгілі болды.

Ауырғандардың 42,6 пайызы (494-і) бір-бірімен қарым-қатынас кезінде жұқтырған. Бұл науқастардың үй карантинінде санитарлық талапты, оқшаулану тәртібін сақтамайтындығын көрсетеді.

Егер шектеу шараларын күшейткенге дейін тәулігіне орташа есеппен COVID-19-бен 37-38 науқас тіркелсе, қазіргі уақытта 32-ден келуде.

«Бұл шектеу шараларының тиімділігін көрсетеді. Егер 11 қарашада «қызыл аймақта» болсақ, одан кейін «сары аймаққа» өттік. Ал 25 қарашадан бері «жасыл аймақтамыз». Сондықтан бәрі де адамдардың санитарлық талаптарды сақтауына байланысты. Алда Тәуелсіздік мейрамы, одан кейін Жаңа жыл мерекесі келеді. Осындай күндері де карантинді бұзбауымыз қажет. Сонда шектеу шараларын бәсеңдетуге мүмкіндік туады», деді М.Арыспаев.

Облыста қараша айының басынан бері мониторингтік топтар 105 нысанда санитарлық талаптың бұзылғанын анықтады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 213 хаттама толтырылып, 12 млн астам теңге айыппұл салынды.

Соның ішінде көп адамның қатысуымен 76 шара, бетперде кимеудің 60, сағат 23.00-ден кейін жеке көлікпен жүрудің 63, жұмыс режимін бұзудың 13 және қызметкерлерге термометрия жүргізбеудің 1 дерегі тіркелді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да шекарадан медициналық құрал-жабдықтарды заңсыз алып өтпек болғандардың ұсталғанын, Оралда жұқпалы аурулар модульдік ауруханасының құрылысы аяқталғанын жазған едік.





Соңғы жаңалықтар