БҚО-да жеке тұрғын үй құрылысы үшін 764 жер телімі берілді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 764 жер телімі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев мәлім еткендей, 764 учаскенің 511-і Орал қаласында, қалғаны Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарында жер кезегінде тұрғандарға табысталды.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар инженерлік желілермен қамтамасыз етілген 1 780 жер телімін (соның 389-ы Оралда) беру жоспарлануда.

«Орал қаласына тоқталар болсам, Круглоозерный кенті аумағында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға 2002, 2003, 2004 жылдың 1 және 2-тоқсанында (7 маусымға дейін) тіркелген 900 тұрғыннан өтініштерін қабылдау жүргізілді. Қазіргі таңда соның 617-сінен өтініш келіп түсіп, 511-іне жер учаскесі берілді. Қалған 283 азаматтың тізімі Орал қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды. Оларға қала әкімдігіне келіп, жер телімін алуға өтініш беру қажеттігі жөнінде хабарламалар жолдануда», - деді М.Өмірәлиев.

Күні бүгін облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін 161 810 адам жер кезегінде тұрса, соның 108 487-сі Орал қаласының үлесіне тиеді.

Бір айта кететін жайт, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында биыл үй құрылысы үшін кезекке қою процесі автоматтандырылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 186 мың гектар жердің шаруаларға берілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар