БҚО-да жеке күзет ұйымдары 2780 нысанды күзетеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО ішкі істер департаменті 100 күзет қызметіне бақылау жасайды, оған 67 жеке күзет ұйымы мен жеке күзет ұйымдарының 33 филиалы кіреді. Күзетшілер саны - 3577 адам. Жеке күзет ұйымдары 2780 нысанды күзетеді. Бұл туралы БҚО ІІД бастығы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатовтың жеке күзет ұйымдары жетекшілерімен кездесуінде айтылды.

Департамент бастығының айтуынша, жеке күзет ұйымдары 2013 жылы - 17, 2014 жылы 35 қылмысты ашса, биыл жыл басынан бері 20 қылмыс әшкереленді. Мәселен, «Күзет Полис» ЖШС қызметкерлері «Профит» букмекерлік клубына жасалған қарақшылық шабуылға тосқауыл қойды. 19 қаңтар күні бетперде киген үшеу басып кіріп, кассадан қаржы жымқырып кетпек болған. Күзетшінің қатты қарсылық көрсетуі нәтижесінде олар ойларын жүзеге асыра алмай, тайып тұруға мәжбүр болды. Тонаушылардың бірі оқиға орнында ұсталып, полиция қызметкерлеріне берілді. Сондай-ақ «Сити Центр» сауда ойын-сауық орталығын күзететін «Батыс Сталкер» ЖШС биыл 13 қылмысты ашты.

Сонымен қатар жеке күзет ұйымдары орталық бақылау пультіне қосылған 467 пәтер мен үйді назардан тыс қалдырмайды. Ақсай қаласындағы тұрғын үй қалашықтары да күзетіледі. Соның арқасында биыл «Капрал» ЖШС күзетшілері чех қалашығындағы бөлмеге кіріп, сербиялық азаматшаны зорламақ болған М. деген тұрғынды қолға түсірді.

Жеке күзет ұйымдары қазіргі таңда 20 ломбард, 10 букмекерлік кеңсе, 37 валюта айырбастау пункті, екінші деңгейдегі банктер орналасқан 96 ғимаратты күзетеді. Оралда 45 мейрамхана мен 204 кафенің сәйкесінше 20-сы мен 76-сы бақылауға алынған. Былайша айтқанда, ломбард, букмекерлік кеңсе, мейрамхана мен кафелердің бәрі бірдей күзетіле бермейді. Бұл түйткілді мәселені шешу қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмыстың алдын алуға септесетінін ұмытпау қажет.

Жиын соңында жеке күзет ұйымдарының үздік жетекшілері мен күзетшілері марапатталды.

Айта кетейік, өткен жылы қылмыспен күресте ерекше көзге түскен 39 күзетші ынталандырылған болатын.

Соңғы жаңалықтар