БҚО-да жастардың төбелесі видео арқылы тарады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жастардың төбелесі видео арқылы тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейнежазбадан көрінгеніндей, алдымен олардың екеуі алысып, жұдырықтасады.

Кейін оған қарап тұрған жігіт қосылып, артынан бүйірінен ұрғанда, біреуі құлап қалады. Оны төбелескен жігіттің бірі тепкілей бастаған мезетте видео үзіледі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Бөрлі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бейнежазбаны зерттеп, төбелеске қатысқандарды анықтады.

Олардың екеуі 1993 жылғы, біреуі 1995 жылғы, бәрі де Ақсай қаласының тұрғындары болып шықты.

Ақсайдағы жарақат пунктіне 26 жастағы жігіт жүгініп, дәрігерлер қарағаннан кейін үйіне жіберілген. Оған дене жарақатын келтірген 1993 жылғы жігітке ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-бабына сәйкес (ұсақ бұзақылық) әкімшілік хаттама толтырылды.

«Бейнежазба зерттелгеннен кейін төбелеске қатысушылардың барлығы аталған бапқа сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бөрлі ауданы әкімдігі төбелеске қатысқандардың біреуі бұрын әкімдікте қызмет атқарғанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда той кортежінде «оқ атқан» жігіттің ұсталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар