БҚО-да жастарды жұмыспен қамту жоспары орындалып отырған жоқ - әкім

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жастарды жұмыспен қамту жоспары өз деңгейінде орындалып отырған жоқ. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дулат Имашевтің мәлім еткеніндей, өңірде 14 пен 29 жас аралығындағы 123 532 жас бар. Соның 59 074-і қалада, 64 458-і ауылдық жерде тұрады.

Оның сөзіне қарағанда, NEET (оқымайтын және жұмыс жасамайтын) жастарының үлесі – биылғы ІІ тоқсан қорытындысы бойынша – 3,1 пайыз (3829 адам). Бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіш.

NEET санатындағы жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, бос жұмыс орындарын ұсыну жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша 203 іс-шара ұйымдастырылып, 10 127 жасқа кеңес берілді. Сондай-ақ қысқа мерзімді оқытулар бойынша 7564 жас кеңес алып, жұмыспен қамту орталықтарына жолданды.

Басқарма басшысының айтуынша, күні бүгінге дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 692 жас маман 213,3 млн теңге көтерме жәрдемақы алды. 307 маманға 1386,9 млн теңге көлемінде баспана алуға несие берілді.

2022 жылы «Жасыл ел» жобасымен 1175 жас жұмыспен қамтылды. 313 жас қала аумағында, 862-сі аудандарда жұмыс жасады.

«Студенттік құрылыс жасақтары» жобасымен 460 квота игерілді. 264 жас қала аумағында, 196-сы аудандарда еңбек етті.

«Жыл соңына дейін жоба аясында 500 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Жоғары және арнайы орта оқу орындары түлектерін жұмыспен қамту мақсатында «Modisal» жиһаз фабрикасымен келісімшарт жасалды. Колледж студенттері фабрикада тәжірибеден өтіп, оқуын аяқтаған соң, сол жерге жұмысқа орналасатын болады. Одан бөлек, бірқатар мейрамханалармен оқуын аяқтаған аспаздар мен даяшыларды жұмысқа алу бойынша келісу жұмыстары жүргізілуде. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін Орал қаласында жастарға арналған кемінде 2 коворкинг орталығын ашу қажет.Қазіргі кезде сағат 17.00-ден кейін кешкі уақытта Ю.Гагарин атындағы кинотеатр ғимаратын пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда», деді Д.Имашев.

Кеңесте өңір басшысы Ғ.Есқалиев басқарма жұмысына қанағаттанбайтынын білдіріп, биылғы маусым айында жас кәсіпкерлермен кездесу барысында берілген колледждер мен кәсіпкерлер арасында өзара қарым-қатынас орнату жобасын қолға алу жөніндегі тапсырманың баяу орындалып жатқанын атап өтті. Ол «жоспарлануда», «қарастырылудамен» ештеңе өнбейтінін, қаржы бөлінгенімен, кәсіпкерлермен байланыс орнатылмай отырғанын айтып, нақты іске көшу қажеттігін жеткізді.

Сондай-ақ облыстағы жастар ресурстық орталықтары жұмыстарының тиімділігі зерделеніп отырған жоқ. Осы орайда нақты ұсыныстар айтылып, тұжырымдамалар жасалуы тиіс.

Сол секілді жастардың негізгі бөлігі кешкі уақыттарда қала орталығында жүреді. Қала аумағында белсенді жастардың басын біріктіруге, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін көптеген орындар бар, бірақ олар тиімді пайдаланылмай отыр.

Облыс әкімі кеңес қорытындысы бойынша «Ұлттық жоба» аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жастарды көбірек тарту, «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын шағын және орта бизнес нысандарына кеңінен түсіндіру бағытында нақты тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар