БҚО-да жас босанған екі ананың өлімі бойынша тексеріс жүріп жатыр – Ажар Ғиният

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жас босанған екі ананың өлімі бойынша тексеріс жүріп жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде өңірде жұмыс сапарымен жүрген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, ана мен бала денсаулығын қорғау – саладағы басым бағыттардың бірі.

«Осыған байланысты өңірде орын алған екі ананың өліміне байланысты комиссия жұмыс істеуде. Әр түрлі талдамалар алынады, биопсия жасайды. Зерттеулердің қорытындысы шығуы керек. Құжаттары тексеру органдарында болса, оларды алып қарау қажет. Мұның бәрі уақыт алады. Комиссия қорытындысы шыққан кезде хабарланады», деді ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген А.Ғиният.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы жалпы республика бойынша ана мен бала өлім-жітімі бойынша өсім болды, бұл коронавирус індетінің өршуіне байланысты. Биыл елімізде ана өлімі 50 пайызға азайып отыр. Ал Батыс Қазақстан облысында қайғылы жағдайлардың орын алуы алаңдатады.

Жалпы, өңірде жүкті және босанған әйелдерге 17 медициналық мекеме қызмет көрсетеді.

«Бүгін Оралдағы облыстық перинаталдық орталықтың жұмысымен таныстым. Өңірде дұрыс жабдықталған, халықаралық талаптарға сай келетін перинаталдық орталықтың керектігі талас туғызбайды. Қазіргі орталықтың жұмыс деңгейі төмен екені көрініп тұр», деді Денсаулық сақтау министрі.

Оның атап өткеніндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірге жұмыс сапары кезінде әкімдікте облыстың денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланды.

«Облыс әкімдігі медицина саласы алдында тұрған міндеттерді шешу бағытында алдағы үш жылға арнайы жоспар жасаған екен. Біріншіден, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту. Сонымен қатар 2025 жылға дейін жаңадан 46 нысан салу ойластырылуда. Екіншіден, білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Мысалы, облыста 270-тен астам дәрігер жетіспейді. Сондықтан жас мамандармен толықтыру, оларды оқыту, жергілікті жерде жағдай жасау аса маңызды. Міне, осындай көкейкесті мәселелерді шешу үшін министрлік те өз тарапынан қолдау көрсететін болады», деп түйіндеді сөзін Ажар Ғиният.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал ауруханасында егізді дүниеге әкелген келіншектің көз жұмғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар