БҚО-да жаңа театр ұлт ұстазына арналған спектакльмен ашылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек ауданы орталығында «Шың» сазды-драма театры ұлт ұстазы, биыл туғанына 150 жыл толған Ахмет Байтұрсыновқа арналған спектакльмен ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа ғимарат сахнасында драматург Ақылбек Шаяхметтің «Рух» деп аталған эспериментті трагедиясы қойылды.

Қоюшы режиссер – Ахмет Байтұрсынұлы медалінің иегері Әліби Жанәбілов. Суретшісі Бақтияр Жақсымбетов. Ахметтің ролінде дәстүрлі әнші Кенесары Болғанбаев ойнады.

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов спектакль соңында театр ұжымына ықылас гүлін табыс етті, Қостанайдан арнайы келген пьеса авторы Ақылбек Шаяхметке шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Облыста бұған дейін кәсіби бір қазақ және бір орыс театры жұмыс істеп келсе, «Шың» – өңірдегі үшінші кәсіби театр. Театр келешекте балаларға арнап қуыршақ спектакльдер қоюды да жоспарлап отыр.

Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері Ақылбек Шаяхметпен осы сапары барысында Орал қаласында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінде әсерлі кездесу ұйымдастырылды.

Қостанайлық қаламгер, сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында, Пушкиннің мұражай-үйінде және Бәйтерек ауданындағы Михаил Шолохов саяжайында болып, облыстың мәдени орталықтарымен танысты.


Соңғы жаңалықтар