БҚО-да жалған мәлімет беріп, 1,6 млн теңгені қалтаға басқан қожалық басшысы сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында жалған мәлімет беріп, 1,6 млн теңге демеуқаржыны қалтаға басқан қожалық басшысы сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Зеленов ауданында егін өсірумен айналысатын шаруа қожалығының С. деген басшысы ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Ол ауыл шаруашылығы бөліміне 200 гектар алқапқа судан шөбін ектім деп, құжаттарын өткізген. Шын мәнісінде 31 гектарға судан шөбі егілген.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы өнімдерін көбейту және сапасын арттыруды демеуқаржыландыру бағдарламасына сәйкес осы жалған деректер негізінде аталған қожалықтың есепшотына 1,6 млн теңге аударған. Оны С. өз қалауынша жаратқан.

Сот талқысында сотталушы сотқа дейінгі берген жауаптарын, сондай-ақ жасалған процессуалдық келісімді мойындады.

Зеленов аудандық сотының үкімімен С. ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, ол мүлкін тәркілеусіз, шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. 

Соңғы жаңалықтар