БҚО-да вирус туралы жалған видео таратқан ер адам кешірім сұрады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында вирус жұқтырған адам туралы жалған ақпарат таратқан ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде тараған видео Ақсай қаласындағы жанар-жағар май құю стансасында түсірілген. Бейнежазба авторы мұнда бір адамнан вирус анықталғанын және жедел жәрдемнің келгенін айтады.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәліметінше, видео 18 наурыз күні түсірілген. Оның авторы - Ақсай қаласының 32 жастағы тұрғыны халықтан кешірім сұрады.

«Ролик түсіріп, онда кеніш қызметкерлерінің бірі вирус жұқтырғаны жөнінде айтқаным үшін кешірім сұраймын. Бұл - жалған. Анық ақпаратты тек ресми көздерден алуға болады», деді ол.

«Бұл адамға осындай әрекеті үшін ескерту жасалды. Себебі ол тек вирус деп айтқан, аузынан коронавирус деген сөз шықпаған. Оған қоса, істеген ісіне өкініп, жұртшылықтан кешірім сұрағандықтан, жауапкершілікке тартылған жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.


Бұған дейін хабарлағанымыздай, БҚО-да Италия, Испания, Германиядан келген 16 адам карантинде жатыр.

Төтенше жағдай кезінде оралдық волонтерлер көпбалалы аналарға маска мен антисептиктер таратуда.

Алайда, қазіргі жағдайда медициналық бетперделерге тапшылықты пайдаланып, оларды қымбат бағаға сатқандар да анықталуда.


Соңғы жаңалықтар