БҚО-да велосипедімен жүрген 4 жасар қызды автокөлік қағып кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО-да велосипедімен жүрген 4 жасар қызды автокөлік қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Сырым ауданында орын алды.

Аудандық полиция бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, 8 мамыр күні кешкісін сағат 21.50-де аудан орталығы Жымпиты ауылындағы «Нефтек» жанар-жағар май стансасы маңында «ГАЗель» автокөлігі велосипедімен жүрген қызды қағып кеткен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, қыз велосипедімен ауладан жолға шығып кеткен. Жүргізуші жедел жәрдем шақырған. Аудандық ауруханаға жеткізілгенде, қыздың жағдайы орташа ауыр болды.

«Бас пен мидың жабық жарақаты және мидың шайқалуы деген диагноздармен қыз облыстық ауруханаға жеткізілді. Осында емделіп, 15 мамыр күні ауруханадан шықты. Жағдайы қанағаттанарлық», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сақпосынова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөлік қаққан ер адамның мерт болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар