БҚО-да үздік ұстаздар марапатталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Мұғалімдер күніне орай «Ұстаз - ұлы есім» атты салтанатты жиын болып, онда білім саласының үздіктері марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева мұғалім мамандығының қай кезде де аса қажетті де маңызды екендігін жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім сапасының жоғарылығы, түптеп келгенде, ұлт пен мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуының кепілі екендігін үнемі айтып, осы салаға ұдайы көңіл бөліп келеді. Көп нәрсе мұғалімнің білімі мен тәжірибесіне байланысты. Білімді, рухани жағынан бай ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі зор. Әсіресе, қазіргідей жаңартылған білім мазмұны, озық технологиялар енгізіліп жатқан мезгілде оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Жиын барысында сала ардагерлері, жаңашыл ұстаздар, жастар тәлімгерлері марапатталды. Атап айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісі Қазталов ауданы Ғ.Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Ләззат Есекеноваға, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі білім және ғылым қызметкерлері облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Даупаев, Жәнібек аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Аққу Нұрғалиева, Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы №3 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнәр Есмағұловаға табыс етілді. Бір топ ұстаз облыс әкімінің алғысхатына ие болды. «Ұстазға тағзым» аталымы бойынша үздіктер, ізденімпаз мектеп басшылары да ұмыт қалған жоқ.  «Жыл ұстазы», «Заманауи әдіскер», «Жалынды жас маман» аталымдары және «2017 жылдың үздік педагогі» республикалық байқауының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді.  Ал «Ұстаздар әулеті» аталымы бойынша Бөкей ордасы ауданынан Сабыровтар (жалпы педагогикалық өтілі - 249 жыл), Тасқаладан Тұрғанәлиевтер (196 жыл), Ақжайықтан Құлбарақовтар (190 жыл) отбасылары озып шықты. 

Соңғы жаңалықтар