БҚО-да үш бірдей ауылда дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 30 қаңтар күні Зеленов ауданының Махамбет, Трекин, Мичурин ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ашылды.

Аталған емдеу мекемелері Қазақстанда қолға алынған «350 дәрігерлік амбулатория, фелдьшерлік-амбулаториялық пункттер және емханалар құрылысы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында бой көтерді. Махамбет, Трекин ауылдарындағы әрқайсысы 35 орындық амбулаториялар құрылысына облыстық бюджеттен 95,1 млн. теңге және 103,7 млн. теңге бөлініп, оларды сәйкесінше «Алатау Альдан Агро» ЖШС мен «Алтим» ЖШС іске қосты. Ал Мичуриндегі 75 орындық дәрігерлік амбулаторияға республикалық бюджеттен 158,8 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмысын «Естим» ЖШС атқарып шықты.

Сапалы салынған дәрігерлік амбулаториялар қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтармен, дәрігерлермен қамтамасыз етілген. Барлығында стоматология, акушер-гинеколог кабинеттері, зертханалар, күндізгі стационар орын тепкен.

Жаңа ғимараттардың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауы аясында ел игілігі үшін жасалып отырған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Енді осы үш ауылдың тұрғындары аудан немесе қалаға бармастан, осында дәрігерлерге қаралып, медициналық тексерістен өтетін болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің мәлім еткеніндей, Оралда салынып жатқан 300 орындық қалалық көпбейінді аурухана құрылысы жыл аяғына қарай бітетін болады.

Соңғы жаңалықтар