БҚО-да учаскелік полиция инспекторы мал ұрлады деген айыппен ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Сырым ауданында учаскелік полиция инспекторы мал ұрлады деген айыппен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған қызметкердің қамауға алынғанын растады.

«Қазіргі кезде ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес (мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Іс бойынша басқа қызметкерлер өтіп жатқан жоқ», деп хабарлады ведомстводан.

Аудан орталығы Жымпиты ауылы тұрғындарының сөзіне қарағанда, барлығы елу шақты мал жоғалған. Полицияға оннан астам адам жүгінген. Оларға 15 млн теңге залал келтірілген.

Тұрғындар биыл көктемде шаруа қожалығына қосып қойған малынан айырылып қалған. Мал ұрлығына қожалық басшысының Аралтөбе ауылында учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс жасайтын ұлы да араласқан. Кейін бақташы полицияға келіп «ұрлыққа полиция капитанының қатысы болғанын» айтып, өзін «ұрып-соқты» деп мәлімдеген.

«Бұл әңгіме сәуірде басталған. Малымыз қайтпағаннан кейін облыстық полиция департаменті бастығының қабылдауына дейін бардық. Көп малы жоғалғандар бар. Менің үш малым кетті. Қазір екеуін малдай, біреуін ақшалай қайтарып алдым. Сол себепті кеше полицейдің әкесі келгеннен кейін талабым жоқ деп, келісімге келдім», деді ҚазАқпарат тілшісіне Жымпиты ауылының тұрғыны, зейнеткер Ким Федянин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық азаматтан 2 млн теңге бопсалағандар ұсталғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар