БҚО-да ТЖ алынғанымен, блокпостар жұмысын жалғастыруда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ТЖ алынғанымен, блокпостар жұмыс жасап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өңірде бүгін сағат 07.00-ден бастап төтенше жағдайдың күші жойылған болатын.

Облыста барлық шағын және орта бизнес нысандарының, сауда орталықтары мен базарлардың жұмысы жанданып, банк филиалдары ашылды. Әуе қатынасы да қалпына келтірілді.

Дегенмен өңірде блокпостар жұмысы сақталып отыр.

Мұндай шешім экстремистік және террористік іс-қимылды ұйымдастырушыларды анықтау және ұстау мақсатында қабылданды.

Барлық шектеу шаралары, коменданттық уақыт алынып тасталды. Заңды және жеке тұлғалардан уақытша алынған қарулар қайтарылуда.

Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, ТЖ уақытында 903 адам полицияға жеткізілді. Соның 91-іне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 476-бабына (төтенше

жағдай режимiн бұзу) сәйкес іс қозғалды. 10 адам әкімшілік қамаққа алынып, 62-сіне ескерту берілді. 19 материал сотта қаралуда.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 488-бабына (Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) сәйкес 6 адам жауапқа тартылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда төтенше жағдай талабын бұзған тұрғындар ұсталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында төтенше жағдай алынып тасталды.




Соңғы жаңалықтар