БҚО-да тұмауға қарсы 68 мың доза вакцина сатып алынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тұрғындарды тұмауға қарсы егу үшін Ресейде өндірілген 68 мың доза «Гриппол +» вакцинасы сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 57 мың доза вакцина облысқа тамызда жеткізілсе, қалған 11 мыңы осы айдың аяғына дейін әкелінбек.

Осы мақсатқа бюджеттен 68 млн 731,8 мың теңге бөлінді.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Жыл сайын өңірде тұрғындардың 10 пайыздан астамы екпе алады.

Биыл тұмауға қарсы жоспарлы екпе 15 қыркүйектен басталды. Бұл жедел респираторлық аурулар кезінде тұмауға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыру үшін жасалады.

Тұмауға қарсы ақысыз негізде медицина қызметкерлері, алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, жетімдер және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балалар үйлерінде тәрбиеленушілер, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу органдарының созылмалы ауруы барлар және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша, қарттар үйлерінің тұрғындары екпе алады.

«Сонымен қатар екпеден басқа сақтық шараларын ұмытпау қажет. Атап айтқанда, адам көп жиналатын жерлерге баруды шектеу, маска кию, түшкіру немесе жөтел сияқты ауру белгілері бар адамдармен қарым-қатынас жасамау, санитарлық талаптарды сақтап, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі жаттығулар жасау керек. Алдағы эпидемиологиялық маусым 2021 жылдың қазанынан 2022 жылдың мамырына дейін созылады», деді Н.Мұстаев.

Брифингте сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова тұмауға қарсы екпе жұмыстарына медицина ұйымдарының әзір екендігін жеткізді.

«Вакцинаны сақтауға және тасымалдауға арналған салқындату жабдықтары тексерілді. Тұмауға қарсы егуге жататын адамдардың тізімі жасалды. Егу кабинеттері мен бригадалары иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жағдайда шұғыл көмек көрсетуге де дайын», деді Гүлнәр Мақсотқызы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирустан 18 адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар