БҚО-да тұманға байланысты бірнеше республикалық жол жабылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тұманға байланысты бірнеше республикалық автожол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» ЖШС БҚО филиалының мәліметі бойынша 21 ақпан күні жергілікті сағат 21.35-тен бастап ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар Атырау-Орал (492-189 км, Орал қаласынан Атырау облысы шекарасына дейін) жолында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.

Сондай-ақ республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы (4-104 км, Оралдан РФ шекарасына дейін), Подстепный-Федоров-РФ шекарасы (0-144 км, Подстепныйдан РФ шекарасына дейін), Самара-Шымкент (195-251 км, Ресей шекарасынан Ақтөбе облысына дейін), Чапаев-Жалпақтал-Казталов (0-213 км, Чапаевтан Казталовқа дейін) жолдары жабылды.

Өңірде қалың тұман түсіп, жолдың көрінуі нашарлаған.

Осыған байланысты БҚО Төтенше жағдайлар департаменті ескерту жариялап, тұрғындарға хабарлама жіберуде.

БҚО ТЖД 22 ақпан күні облыстың кей жерлерінде қатты көктайғақ болып, тұман түсетінін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында қар құрсауынан 12 адамның құтқарылғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар