БҚО-да төтенше жағдай талабын бұзған 100-ден астам адам қамауға алынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай талабын бұзған 102 адам әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс соттарына 16 наурыздан бері 164 іс түсті.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде 102 адам қамауға алынса, 50 адамға айыппұл салынды. Екі әкімшілік іс қысқартылса, екі адамға ескерту берілді. 8 іс кейінге қалдырылды.

Мысалы, Жаңақала ауданы Жаңажол ауылының төрт тұрғыны аса қажеттілік болмаса да, 8 сәуір күні түнгі сағат 00.30 шамасында жеке автокөлікпен көршілес Қазталов ауданы Қарасу ауылына барған. Әрі алкогольді ішімдік ішіп жүрген.

Қазталов аудандық №2 сотының қаулысымен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 1, 6, 9-тармақтарына сәйкес бұлардың әрқайсысы 7 тәулікке қамалды.

Сол секілді Шыңғырлау ауданының төрт бірдей тұрғыны төтенше жағдайдың жарияланғанына қарамастан, өз үйлерінен шығып, ешбір себепсіз ауыл ішінде серуендеген.

Шыңғырлау аудандық сотының қаулысымен бұл төртеудің әрқайсысы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 476-бабы 6-тармағына сәйкес 3 тәулікке қамалды.

Сондай-ақ Тасқала ауылының К. деген тұрғыны 3 сәуір күні сағат 22.30 шамасында «ВАЗ-21083» автокөлігімен өзінің тұрғылықты мекенжайынан 2 километр қашықтықтан асып кеткен. Ол «TrueConf» мобильдік қосымшасы арқылы өткізілген сот отырысында кінәсін мойындап, автокөлігімен досына барып келе жатқанда, полиция қызметкерлерінің тоқтатқанын айтты.

Бұл тұрғын 5 тәулікке қамауға алынды.

Сот үкімдері күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар