БҚО-да ток соғып, екі қолынан айырылған баланың оқиғасына үкім шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ток соғып, екі қолынан айырылған баланың оқиғасы бойынша үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақжайық аудандық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Жаңақала аудандық электр желісінің бұрынғы басшысы Бауыржан Бигалиев ҚР ҚК 371-бабы 2-бөлігіне (абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық) сәйкес айыпты деп танылды.

Сотта анықталғанындай, Б.Бигалиев Жаңақала аудандық электр желісінің басшысы бола тұра, өндіріс орнының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастырмаған.

Соның салдарынан өткен жылғы 24 мамырда бес жасар Аманжол Орынбекұлы нысанның (трансформатордың) қауіптілігін түсінбей, тозығы жеткен қоршаудың саңылауынан өтіп, токқа соғылып, ауыр дене жарақатын алған.

Б.Бигалиев сотта кінәсін мойындамады.

Сотталушының кінәсі толық дәлелін тапты және ол куәлардың, кәмелетке толмаған жәбірленушінің айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамалары мен сараптама қорытындысымен, істің басқа да материалдарымен расталады.

Ақжайық аудандық сотының үкімімен Б.Бигалиевке ҚР ҚК 371-бабы 2-бөлігіне сәйкес үш жыл мерзімге электр энергетикасы саласында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.

Жәбірленушінің өкілі Әсел Айтжанованың моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылды. «Батыс Қазақстан аймақтық желілік компаниясы» ЖШС-нен Ә.Айтжанованың пайдасына 30 млн теңге моральдық зиян өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ток соққан екі баланың ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.

Кейін осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оралда ток соғып, екі қолынан айырылған баланың ата-анасына пәтер берілді.


Соңғы жаңалықтар