БҚО-да тоғанда үш тоннадан астам балық қырылып қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданындағы Қарасу тоғанында 3 тоннадан астам балық қырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан орталығы Қазталов ауылының қақ ортасын бөліп тұрған тоғанда мұз ерісімен өлі балықтардың жаппай жағаға шығу деректері орын алды.null

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ибраевтың айтуынша, тексеру кезінде жалпы салмағы 3 тонна 150 кг табан балықтың өлгені анықталды.

Паразитологияға алынған балық сынамасы теріс нәтиже көрсетті. Сонымен қатар құрамында зиянды заттар, қатты металдар, радиология бар-жоғын анықтау мақсатында санитарлық-химиялық талдаулар жүргізу үшін судан да сынама алынды.null

Маманның сөзіне қарағанда, алдын ала мәлімет бойынша балықтардың өлу себебі - оттегінің жетіспеуі. Нақты дерек судан алынған талдама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Мұндай жағдай 2017 жылдың көктемінде де орын алған еді.

Қыс кезінде балықтардың қатып қалуына жол бермеу үшін ауыл әкімдігі тұрғындармен және коммуналдық қызметтер қызметкерлерімен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізді. 1300-дей ойық ойылды. Балыққа ауа жіберу үшін қамыстар да салынды.

Қарасу тоғаны балық өсіруге арналмаған әрі ағынды су емес. Кеңес дәуірінде ауыл шаруашылығы және техникалық қажеттіліктерге арналып жасалған су қоймасының тереңдігі 1-2 метр. Тоғанның таяз болуы балықтардың жаппай өлуіне соқтырып отыр.

Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шақуовтың мәлім еткеніндей, тоғанның ұзындығы 4 шақырым болса, ені 75 метр шамасында.

«Қазіргі кезде тоғанды өлі балықтан тазарту жұмыстары толықтай жүргізілді. Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу үшін тоғанды тереңдету бағытында жобалар жасау ойластырылуда», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ж.Шақуов.null

Соңғы жаңалықтар