БҚО-да тәртіптік кеңес ауыл әкімін қызметінен босату жөнінде ұсыныс жасады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің 11 наурыз күнгі отырысында бір топ мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік істері қаралды.

Отырыста алдымен БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің есебі тыңдалып, аталған мекемеде заңбұзушылықтарға жол бермеу қажеттігі атап өтілді.

Бөкей ордасы ауданы Саралжын ауылдық округінің әкімі Қуантай Рашқалиев аудандық соттың 2014 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысымен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 330-бабы 1-бөлімімен кінәлі деп танылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар еңбек тәртібін бұзғаны үшін аудан әкімінің өкімімен қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Алайда бұдан тиісті қорытынды шығармаған Қ.Рашқалиев биылғы 5 ақпанда ауыл әкімдігі ғимаратында азаматша А.Биғалиеваны балағаттаған. Осыған байланысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 434-бабы 1-бөлімімен айыпты деп танылған ауыл әкіміне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Оған қоса аудан әкімі берген мінездемеде Қ.Рашқалиевтің еңбек тәртібін сақтамай, жұмыс уақытында ішімдік ішетіні көрсетілген. Осыларды ескере келіп, тәртіптік кеңес оны Ар-намыс кодексі талаптарына сәйкес қызметінен босату туралы ұсыныс жасады.

Шыңғырлау ауданы Лубен ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған кезде мемлекеттік сатып алу барысында тауарлардың дұрыс жеткізілуін қадағаламаған аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Азамат Бисембаевқа Ар-намыс кодексіне сәйкес қатаң сөгіс беру ұсынылды.

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Қаратөбе ауданы аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Батырханов пен «Зеленов колледжі» МКҚК директорының міндетін атқарушы Қадиша Әбілқайырованың іс-әрекеттерінде заңбұзушылық жоқ деп табылып, істері қысқартылды.

Соңғы жаңалықтар