БҚО-да тамыз айында 2500-ден астам адам коронавирус жұқтырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тамыз айында 2544 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның 1582-сі немесе 62 пайызы ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген кезде анықталған.

Сондай-ақ 536-сы (21 пайызы) профилактикалық мақсатта қаралса, 399-ы (16 пайызы) бұрын ауырғандармен жақын қарым-қатынаста болған. 27 адамнан (1 пайыз) эпидемиологиялық қадағалау мақсатында сынама алынған.

Індет жұқтырғандардың 923-і (37 пайызы) Орал қаласында, 413-і (16 пайызы) Бөрлі, 398-і (15 пайызы) Бәйтерек, 134-і (5 пайыз) Теректі, 122-сі (4,8 пайызы) Тасқала, 119-ы (4,7 пайызы) Казталов ауданында тіркелген.

Ауырғандардың 327-сі – 14 жасқа дейінгілер, 98-і – 15-17 жас, 181-і – 18-25 жас, 628-і – 26-40 жас, 760-ы – 41-60 жас аралығындағылар, 550-і – 60-тан асқандар. Яғни коронавирус 41-60 жастағылар арасында көбірек таралып отыр.

Осы айда тіркелген науқастардың 1151-і немесе 45,2 пайызы – жұмыс істейтіндер, 670-і (26,3 пайызы) – жұмыссыздар, 553-і (21,7 пайызы) – зейнеткерлер.

Соңғы аптада (13-19 тамыз) алдыңғымен (6-12 тамыз) салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 8,1 пайызға (953-тен 875-ке) төмендеді.

«Облыста мониторингтік топтар өз жұмыстарын жалғастыруда. Соңғы аптада 76 рейд кезінде 672 нысан қамтылды. 11 нысанда карантин тәртібін бұзушылық анықталды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 26 хаттама толтырылып, 1 млн 137,630 мың теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ осы мерзімде қызыл және сары мәртебесі бар 77 адамның (46-сы – қызыл) «Ashyq« жобасына қатысатын нысандарға келгені анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша аталған бапқа сәйкес 63 хаттама толтырылып, 2 млн 727,395 мың теңге айыппұл салынды», деді Н.Мұстаев.

Қазіргі таңда облыс бойынша 62 екпе пункті жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін 189 901 адам (52,7 пайыз) вакцинаның бірінші, 148 008-і (41,1 пайыз) екінші компонентімен егілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда екпе алуы тиіс тұрғындардың 52,4 пайызы вакцина алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар