БҚО-да тамақ өнімдерінен қауіпті микробтар табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тамақ өнімдерінен қауіпті микробтар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Гүлбақыт Наурзалинаның айтуынша, өңірде мониторинг жүргізу барысында өнімдердің санитарлық талаптарға сай келмейтіні анықталды.

Атап айтқанда, «Колесникова В.Ф» ЖК (Орал қаласы, «Новинка» тартылған еті) мен Орынбор облысы «Анакин Д.С» ЖК (Покуроновский тартылған еті) өндірген жартылай фабрикаттардан ішек таяқшалары тобының бактериялары табылды. Оған қоса департамент қызметкерлері жергілікті өндіруші «Колесникова В.Ф» ЖК-ның тұтынушыларды алдағанын анықтады, мұнда шошқаның ДНҚ-сы да шыққан.

Сол секілді Теректі ауданында «Киясова У.М» ЖК-ның «Для вас» және Ақсай қаласында «Канафеев» ЖК-ның «Расул» дүкеніндегі өнімдердің мерзімі өтіп кеткені белгілі болды.

Орал қаласында «Идеал Маркет» ЖШС-ның «Лидер» дүкенінде Ақмола облысы Ақмол ауылындағы «CapitalProjectsLTD» ЖШС өндірген мұздатылған «Курочка ряба» бройлер балапанынан сальмонелла шықты. Сондай-ақ «Шағала» дүкенінде Алматы облысы Іле ауданы Чапаев ауылындағы «Алатау Құс» АҚ өндірген бройлер-балапаннан да Salmonellа тектес микробтардың ДНҚ-сы табылды.

«Қазіргі кезде облыста санитарлық талапқа сай келмеген өнімдерді тәркілеу және жою жұмыстары жүргізіліп, зертханалық бақылау күшейтілуде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Г.Наурзалина.

Соңғы жаңалықтар