БҚО-да сұйытылған газдың жетіспеушілігі байқалуда

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автогаз құю стансаларында сұйытылған газдың жетіспеушілігі байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірқатар ұсақ стансаларда сұйытылған газ жоқ болса, бірқатарында кезек қалыптасты, кейбіреуінде тек талон арқылы берілуде.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Миржан Нұртазиевтің айтуынша, 14 қарашадағы мәлімет бойынша өңірдегі газ толтыру стансаларында 180 тонна сұйытылған газ қалды.

«Бекітілген жоспарға сәйкес облыстың ішкі нарығына қараша айында 3438 тонна сұйытылған мұнай газ жөнелтілуі тиіс еді. Алайда 26 қазанда «АНПЗ» ЖШС (Атырау мұнай өңдеу зауыты) қараша айында газ өндіру көлемі азаятыны жөнінде хабардар еткен. Соған байланысты соңғы сатып алушыларға (автогаз құю стансалары, газ толтыру стансалары) газ жеткізу көлемі 35 пайызға төмендетіледі», деді М.Нұртазиев.

Оның сөзіне қарағанда, «АНПЗ» ЖШС 8 қарашада технологиялық қондырғыларға 7-14 қараша аралығында ағымдағы жөндеу жүргізілетіні жөнінде хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша зауыт 18 қараша күні толық қуатымен жұмыс жасап, БҚО-дағы тұтынушыларға газды жөнелте бастайды.

Өнім бөлісу жөніндегі келісімге сәйкес облыстың ішкі нарығына сұйытылған газды жеткізу бойынша «Жайықмұнай» ЖШС-ның қандай ма болмасын міндеттемесі жоқ. Дегенмен «Жайықмұнай» ЖШС-мен облыстың газ толтыру стансаларына сұйытылған газ жөнелту жөнінде келісім бар. Бұл көлем ұсақ автогаз құю стансалары арқылы сатылады.

«Сондай-ақ Энергетика министрлігі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан қосымша 504 тонна газ бөлді. Бұл газ көлемін темір жол арқылы жеткізіп, бөлу бағытында тиісті жұмыстар атқарылатын болады», деді М.Нұртазиев.


Соңғы жаңалықтар