БҚО-да су тасқынына байланысты қауіпті аймақтар үнемі бақылауда

None
None
ОРАЛ. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты қауіпті аймақтар үнемі бақылауда.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 4 сәуір күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев, ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев бастаған жедел топ МИ-8 тікұшағымен Орал-Көшім суландыру жүйесі, Қараөзен мен Сарыөзен бойындағы қауіпті аумақтарды аралап шықты. Киров, Бітік, Айдархан және Саратов облысының БҚО-мен шекаралас орналасқан Варфоломеев су қоймаларының жағдайы тексерілді. Су шаруашылығы нысандары қалыпты жұмыс жасап тұр.

Қазталов және Жаңақала аудандарында қардың еруі аяқталып келеді, әзірге одан келіп жатқан зардап жоқ.

Қараөзен мен Сарыөзенде су көтеріле бастағанмен, оның қаттырақ тасуы 6-7 сәуірде күтілуде.

Облыста жолдардың су асып кеткен тұстарына белгілер қойылып, техника, адамдар кезекшілікте тұр. Қар шығару, су сору, құм толы қапшық әзірлеу, мұз жару жұмыстары жалғасуда.

Су тасқынының алдын алу шараларына Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінен 54 техника, 138 адам, 40 жүзу құралы, жергілікті атқару органдарынан 248 техника, 1834 адам тартылған.

Соңғы жаңалықтар