БҚО-да соңғы 2 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауылдар бар

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-ның Ақжайық ауданы Сарытоғай ауылдық округінде соңғы екі жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Оралда өңір тұрғындарымен кездескен ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың мәлім еткеніндей, бұл – полиция мен қоғамның бірлескен іс-қимылының нәтижесі.

Аталған округте Жанама және Сарман ауылдары бар.

Сондай-ақ Сырым ауданы Жетікөл ауылдық округі толықтай ішімдік ішуден бас тартты. Мұнда дүкендерде арақ-шарап сатылмайды. Қылмыс та жоқ деуге болады.

Мұндай оң тәжірибені ел көлемінде тарату қажеттігін айтқан министр облыста қылмыстық ахуалдың тұрақты екендігін жеткізді.

Сонымен қатар соңғы жылдары мал ұрлығы кәсіпке айналып, ұйымдасқан қылмыс түрі болып кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Биыл өңірде 137 мал ұрлығы дерегі (2021 жылы – 134) тіркелді. Ұрланған 493 малдың 264-і табылып, иелеріне қайтарылды.

Марат Ахметжанов Батыс Қазақстан облысында жол жүру ережесінің жиі бұзылатынына назар аударды. Ол осы жолы әуежайдан келе жатқан бетте жүргізушілердің жол ережесін сақтамайтынын өз көзімен көрген. Осыған байланысты БҚО полиция департаменті басшылығына тапсырма берді.

Оның сөзіне қарағанда, облыста күре жолдардағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Биыл 262 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл - өткен жылғыдан (243) 8 пайызға көп. Соның салдарынан 80 адам (-5 пайыз, 2021 - 84) қаза тауып, 311-і (-13, 357) түрлі жарақат алды.

«Бұл мәселе министрліктің ұсынысы бойынша Үкімет отырысында қаралды. Жол апаты мен содан болатын өлім-жітімді төмендету бағытында тиісті шешімдер қабылданды. Жүргізушілердің тәртібін көтеру үшін жол жүру ережелерін бұзушылықты тіркейтін автоматты камералар қолданылуда. Елде осындай 17 мың камера болса, Батыс Қазақстанда 94 қана. Бұл - аз. Сондықтан мұны көбейту керек. Сонымен қатар жылжымалы стационарлық бекеттер алуға алдағы жылы республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді деп ойлаймын. Бұл бағытта Үкімет тапсырмасы бар, ол орындалуы қажет», деді министр.

Оның айтуынша, еліміздің жеті қаласында (Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Атырау, Түркістан және Петропавл) «Қорғау» бағдарламасы қолданылуда.

Осы бағдарламаның көмегімен жалған нөмір пайдаланудың 740 дерегі, жүргізуші құқығынан айырылған 2 370 адам анықталды. Сондай-ақ 4 мыңға жуық мемлекеттік нөмір алынды. 12 мыңға жуық автокөлік айып тұрағына қойылды.

«Осындай жұмысты Орал қаласында да бастау керек», деді министр.

Батыс Қазақстанда жол ережесін бұзушылық 196 мыңға жетті. 182 мың адамға 2 млрд астам теңге айыппұл салынды. Мас күйінде 547 жүргізуші ұсталса, 1067-сі жүргізуші құқығынан айырылды. 1424-і әкімшілік қамаққа алынды.

«Жол жүру мәдениетін көтеру үшін облыста қазіргі заманғы жүйелерді тездетіп іске қосқан жөн» деген Марат Ахметжанов басқа да өзекті мәселелерге тоқталып, сауалдарға жауап берді.


Соңғы жаңалықтар