БҚО-да шенеуніктерді таксиге отырғызу жобасы жүзеге аспай қалды

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында шенеуніктерді таксиге отырғызу жобасы жүзеге аспай қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сүгірбаевтың мәлім еткеніндей, өткен жылдың қазан айында инвестор «Такси «Comfort» ЖШС мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пайдалана отырып, БҚО әкімдігі басқармаларына көлік қызметін көрсету жөнінде ұсыныс енгізген болатын.

Оның айтуынша, пилоттық жоба мақсаты БҚО әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерін көліктік қызметпен қамтамасыз ету еді. Атап айтқанда, өңірде көлік қызметін көрсету сапасын жақсартып, бизнесті дамыту, көлік қызметіне, оны сатып алу мен ұстауға, пайдалануға кететін жергілікті бюджет шығынын қысқарту мақсат етіп қойылды.

Жобаға сәйкес «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ жеке әріптеске кейін сатып алу құқығымен 30 жеңіл көлікті сенімді басқаруға берді. Ал әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері көрсетілген көлік қызметтері үшін ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша төлем төлеп отырды.

«Биылғы сәуір айында ведомствоаралық комиссия мен инвестор арасында аталмыш жобаны жүзеге асыру бойынша тікелей келіссөздер жүргізілді. Келіссөз нәтижесі бойынша комиссия жобаны жүзеге асырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Мұның негізгі себебі – әкімдіктің құрылымдық бөлімшелеріне көрсетілген қызмет сапасы қанағаттанғысыз болды», деді ҚазАқпарат тілшісіне Д.Сүгірбаев.

Осылайша, Батыс Қазақстанда шенеуніктерді таксиге отырғызу жобасы жүзеге аспай, олар қызметтік көліктеріне қайта отырды.


Соңғы жаңалықтар