БҚО-да сенбіліктер ұйымдастырылуда

None
None
ОРАЛ. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Орал қаласы мен аудандарда санитарлық тазалық айлығы жарияланып, сенбіліктер ұйымдастырылуда.

14 сәуір күні қала халқы жылдағы дәстүр бойынша сенбілікке шықты. Күні бойы үй-жайлары мен өздері жұмыс істейтін мекеме айналасын жинаған жұрт көшелерді қоқыстан тазартып, қала келбетін біраз жаңартып тастады.

Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары Ринат Қуанышқалиевтің мәлімдеуінше, биылғы жылдың алғашқы сенбілігіне барлығы 45 мың адам, 600 мекеме қатысқан. Сенбілікке қатысушылардың белсенді жұмыстарының нәтижесінде бұл жолы шамамен 420 мың текше метр  қоқыс жиналған. Күл-қоқыс осы жұмысқа арнайы бөлінген 84 көліктің көмегімен қала сыртына шығарылды. Бұдан басқа адамдардың күшімен мекеме маңындағы ағаштардың түбі қопсытылып, әктелді. Кейбір ұжымдар аулаларына жаңа көшеттер отырғызып, қаланы көгалдандыруға белсене атсалысты. Көптеген кәсіпорын жанындағы жиектастар жаңартылып, қоршаулары сырланды.

Биылғы тазалық айлығы жылдағыдай 30 күнге емес, екі айға созылмақ.

Облыс аудандарында да осындай шаруалар атқарылуда.

Соңғы жаңалықтар