БҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жайлы жаңа кітаптар таныстырылды

None
Фото: Эльвира Меңдіғали
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында нақты жұмыс атқарылып жатыр. Бұл туралы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен «Батыс Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін саясатының нәтижелері: тарих пен тұлға» деген тақырыпта ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде өткен іс-шараны ашқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысын сүйемелдеу бойынша жұмыс тобының жетекшісі Жантас Сафуллин 2020 жылдан бері көптеген жұмыстардың қолға алынғанын мәлім етті.

«Мемлекет басшысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Жарлығын орындау мақсатында өңірлік комиссия жұмыс жасап келеді. Оның нәтижесі де жоқ емес. Айталық, 2022 жылдың өзінде 7 кітап басылып шықты. Бұлардың үшеуі монографиялық еңбек болса, екеуі архив құжаттарына арналған, екеуі – анықтамалық. Қазіргі таңда Президент Жарлығына сәйкес барлық архив құжаттарын қарап, зерттеуге толық бар. Сондықтан арнайы құрылған жұмыс топтары саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жолындағы істерін жалғастыра береді», - деді Ж.Сафуллин.

Дөңгелек үстел отырысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан басталған саяси қуғын-сүргіннің елімізге бұрын-соңды болмаған қасірет әкелгендігін атап өтті.


«Бұл орайда өңірлік комиссияларды құрудың негізгі мақсаты - Мемлекет басшысының Жарлығы аясында ұсыныстар әзірлеу үшін осы уақытқа дейін құпия болып келген немесе әлі белгісіз, ұмытылған деректерді, фактілерді табу, жинау, репрессияның түрлері мен механизмдерін анықтау, ауылдардағы қуғын-сүргін орталықтары мен орындарын, құрбандардың санын, аты-жөнін анықтау және зардап шеккендер туралы осы мәселеге қатысты басқа да ақпарат жинау, талдап-сараптау болатын. Соңғы екі жыл көлемінде осы міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан өңірлік комиссия мүшелері, ғалым-зерттеушілер бұрын жабық болған архив қорларын зерттеп, тың деректерге қол жеткізді. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бойынша құрылған өңірлік комиссия, оның 7 жұмыс тобы арнайы бағыттар бойынша зерттеу жүргізіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңды және саяси ақтау үшін архив материалдарын, тарихи деректер мен құжаттарды жинады», - деді өңір басшысы.


Оның сөзіне қарағанда, 2021 жылдан бастап өңірлік комиссияның ғылыми-зерттеу жұмыстарына, баспа қызметіне, ғалым-мамандардың еңбекақысы мен ғылыми іс-сапарларына облыстық бюджеттен қажетті қаржылық қолдау көрсетілуде.

Нәтижесінде Алматы, Астана қалаларына іс-сапарлар ұйымдастырылып, архивтер мен ғылыми орталықтарда үлкен жұмыс жасалды.

Республикалық, облыстық және аудандық архивтердегі жұмыс барысында 300-ден астам іс қаралып, 6 мың беттей құжат көшірмелері алынған.

«Осы уақыт аралығында өңірлік комиссияның 6 отырысы, жұмыс тобының 15 отырысы өткізілді. Өңірлік комиссиямен 1 республикалық және 2 облыстық ғылыми-практикалық және әдістемелік конференция, 1 республикалық семинар ұйымдастырылды. 2021 жылы 2 тақырыптық бағыт бойынша 2 жинақ, 2022 жылы 5 тақырыптық бағыт бойынша өңірлік деңгейде 5 жинақ және республикалық көптомдыққа 2 жинақ енгізіліп, жалпы саны 9 кітап жарық көрді», - деді Н.Төреғалиев.

Дөңгелек үстел отырысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты жарық көрген жеті кітаптың таныстырылымы болды.




Соңғы жаңалықтар