БҚО-да сәулет-құрылыс талаптарын бұзғандарға 19,7 млн теңге айыппұл салынды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында сәулет-құрылыс талаптарын бұзғандарға 19,7 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Мәди Отарбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, биыл 54 тексеру жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 32 нұсқама берілді.

Оның сөзіне қарағанда, 79 әкімшілік іс қозғалып, соның нәтижесінде 19 млн 794,637 мың теңге айыпұл салынды.

Жыл басынан бері 378 арыз-шағым, соның 258-і жеке адамдардан, 120-сы заңды тұлғалардан түсті. Бұл – өткен жылғыдан (348) едәуір артық.

Басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі нысандарына қатысты жоспардан тыс 33 тексеру жүргізіліп, 22 нұсқама берілді. 179 әкімшілік іс қозғалып, 26 млн 181,665 мың теңге айыппұл салынған болатын.

Республика аумағында 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін Президент Жарлығымен шағын кәсіпкерлік нысандарына бару арқылы тексерулер, профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізуге мораторий енгізілгені белгілі. Жарлыққа сәйкес бақылау және қадағалау органдарының қызметіне тексерулер тағайындау тұрғысынан түзетулер енгізді, яғни тексерулер саны айтарлықтай азайды.

«Заңнамаға сәйкес сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдары берген нұсқамалар Қазақстан Республикасының аумағындағы осы саладағы барлық нысандардың орындауы үшін міндетті. Заңды талаптарды немесе нұсқамаларды орындамау немесе толық орындамау ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 462-бабының 3-бөлігінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады, яғни бұл рұқсаттың қолданысын тоқтата тұрып немесе онсыз, не қызметті немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұрып немесе онсыз кәсіпкерлік нысанының санатына қарай 5 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін айыппұл салынады», деді М.Отарбаев.

Оның айтуынша, Орал қаласы мен шаһар маңында 110-дай көппәтерлік үй салынуда, бұларға құрылыс-монтаж жүргізуге рұқсат берілді. Сонымен қатар рұқсат беру құжаттарынсыз көппәтерлік үй салудың 2021 жылы – 14, биыл 8 дерегі тіркелді. Бұлардың бәрі бойынша әкімшілік іс қозғалып, заңнама бұзғандарға айыппұл салынды. Істер тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.


Соңғы жаңалықтар