БҚО-да сапасыз мұнай өнімдерін жеткізген кәсіпорын директоры сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында сапасыз мұнай өнімдерін жеткізген кәсіпорын директоры сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитеті мәлім еткеніндей, жедел іздестіру шаралары барысында БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері заңды құжатсыз 23 тонна мұнай өнімдерін тасымалдаған автокөлікті ұстады.

Заңсыз өнімді «НафтунОйл» ЖШС дизельді отын түрінде өңірдегі ауылдардың біріндегі балабақша атына жіберген.

Тексеру барысында кәсіпорын директорының 2019 жылы Қазталов ауданындағы ауылдардың біріндегі білім беру мекемелерімен 59 млн теңгеге 247 тонна дизельді отынды жеткізу жөнінде бірнеше келісімшарт жасасқан. Алайда дизельді отынның орнына мұнайды екінші рет өңдеуден алынған қоспа (бензин, керосин) өнім жеткізілген.

Қазталов аудандық №2 сотының үкімімен кәсіпорын директоры ҚР ҚК 197-бабы 2-бөлігіне (бірнеше рет мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу) сәйкес айыпты деп танылып, сотталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның биылғы 10 сәуірдегі кезекті отырысында берген тапсырмасына сәйкес ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті сапасыз жанар-жағар майды жеткізетін компаниялар мен жеке адамдарды анықтау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде.


Соңғы жаңалықтар