БҚО-да салынып жатқан мұнай өңдеу зауытының құрылысы тоқтады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Теректі ауданы Алғабас ауылында салынып жатқан мұнай өңдеу зауытының құрылысы тоқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі кезде жұмысшылардың жалақысы төленбеуіне байланысты бас мердігер «Евро Стандарт ЛТД» ЖШС басшысына қатысты тергеу жүріп жатыр.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мұнайды терең өңдеу және жоғары сапалы автомобиль бензинін, дизельді отын, керосин және битум өндіру жөніндегі зауыт жобасы өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында қолға алынған болатын.

Жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда, импорт алмастыруды көздейді және экспортқа бағытталған. Мұнда 200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алайда тапсырыс беруші «АВS-Мұнай» ЖШС мен «Евро Стандарт ЛТД» ЖШС арасында келіспеушілік туындауына байланысты құрылыс-монтаж және жобалау жұмыстары тоқтаған. Соның салдарынан «Евро Стандарт ЛТД» ЖШС 2019 жылдың қыркүйегі үшін 132 қызметкерге 12,6 млн теңге қарыздар болып қалды.

Қараша айында осы қос компания өкілдерінің қатысуымен облыстық үшжақты комиссия отырысы өткізіліп, Теректі ауданы әкімдігіне «Евро Стандарт ЛТД» ЖШС-мен бірлесіп қосалқы мердігерлер мен жұмысшылар санын, берешек көлемін анықтап, тиісті шара алу тапсырылды.

Даулы жағдай туындағаннан бері БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасына 52 қызметкерден жалақы төлемеу дерегі бойынша 10 арыз түсті. Барлық шағым Нұр-Сұлтан қаласы еңбек инспекциясы басқармасына (заңды тұлға елордада тіркелген) жіберілді.

Тексеру қорытындысына сәйкес заңды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынып, заңбұзушылықты жою жөнінде ұйғарым берілді. Соның нәтижесінде 12,6 млн теңгенің 8,3 млн теңгесі төленді. Қазіргі таңда 17 қызметкерге 4,3 млн теңге төленбей қалып отыр.

Ұйғарымды дұрыс орындамағаны үшін қайта тексеру жүргізіліп, материалдар сотқа жіберілді.

«Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері «Евро Стандарт ЛТД» басшысына қатысты ҚР ҚК 152-бабы 3-бөлігіне (басқару функцияларын орындайтын адамның ақшаны өзге мақсаттарға пайдалануына байланысты жалақының толық көлемде және белгiленген мерзiмде төленуiн бiрнеше рет кiдiртуi) сәйкес қылмыстық іс қозғау мәселесі бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін тексеру материалдарын елорданың полиция департаментіне жіберді», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар