БҚО-да сәбиін өзгеге заңсыз берген ананың үстінен тергеу жүріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Stop-трафик» жедел алдын алу іс-шарасының аясында жаңа туған сәбиін ерлі-зайыптыларға заңсыз берген әйелдің үстінен тергеу басталды, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов ведомствоның ақпарат алаңында осындай ақпарат айтты.

«Stop-трафик» жедел алдын алу іс-шарасының аясында адамды жұмысқа салу үшін бас бостандығынан заңсыз айырудың 1 фактісі, 3 адам сату фактісі, кәмелетке толмағандарды сатудың 7 фактісі белгілі болды. Жезөкшелікке тартудың 16 фактісі әшкереленді. Оның ішінде кәмелетке толмағандарды осындай іске тартудың 3 оқиғасы тіркелді. Жезөкшелікпен айналысу және жеңгетайлық қызмет ұйымдастырудың 47 фактісі белгілі болды. Бұдан бөлек жөзекшелікпен және жеңгетайлықпен айналысатынын біле тұрып, ғимарат ұсыну бойынша 22 әкімшілік құқық бұзу фактісі тіркелді», - деді ІІМ өкілі.

Оның айтуынша, қоғамдық орында тиісу фактісі бойынша 400-ден астам әкімшілік қаулы толтырылған.

«Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері 27 жастағы әйелдің тамыз айында жаңа туған нәрестесін келісім бойынша ерлі-зайыптыларға асырау үшін бергенін анықтады. Бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу және жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр», - деді Қанат Нұрмағамбетов.


Соңғы жаңалықтар