БҚО-да ресейлік мамандар жергілікті дәрігерлерге қолұшын беруде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Ресейден келген мамандар коронавируспен күресте жергілікті дәрігерлерге қолұшын беруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, олар инфекциялық және провизорлық стационарларда, облыс пен қаланың көпбейінді ауруханаларында болып, кеңес беруде.

Мәскеу облысы Сергиев-Посад аудандық ауруханасының эпидемиологі Павел Гусев, сондай-ақ инфекционистер Риат Канцеров, Шавкатджон Очилов, анестезиолог-реаниматологтер Аделина Маткаш, Сергей Драчук оралдық әріптестерімен бірге науқастарды қарап, емдеу жолдарын бірлесіп іздестіруде. Соның ішінде күрделі жағдайларға ерекше мән берілуде. Әлемді жайлаған, бұрын белгісіз болып келген індет емдеу кезінде әдіс-тәсілдерді қайта қарауды қажет етуде. Сондықтан мамандардың кеңесі айрықша маңызды.

Павел Гусевтің сөзіне қарағанда, осындай індет, науқастардың жаппай түсуі Мәскеу облысында да болған. Кейін оларда жағдай жақсара бастаған. Алдымен елордаға келіп, сосын өңірлерге жіберілген ресейлік мамандар Батыс Қазақстанда 14 шілдеден бері жұмыс істеуде. Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сәйкес екі елдің мамандары коронавирус инфекциясына тосқауыл қою үшін бірлесіп жұмыс істеп, нақты тәжірибе алмаспақшы.

Орал қаласында сондай-ақ Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің (топ жетекшісі, неврология кафедрасының меңгерушісі Айгүл Өтепқалиева) мамандары да өз мамандығы бойынша батысқазақстандық дәрігерлерге кеңес беруде.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен алынған мәліметке қарағанда, өңірде эпидемиологиялық ахуал әлі де құбылмалы болып отыр.

Осы кезге дейін коронавирусқа шалдыққан 4 435 адам тіркелсе, соның ішінде клиникалық белгісі бар 2 210 науқас 1 681 ошақта анықталған. Соның 1 427-сі Орал қаласында, Ақжайық ауданында – 115, Бөкей ордасында – 36, Бөрліде – 114, Жаңақалада – 20, Жәнібекте – 77, Бәйтеректе – 147, Қазталовта – 18, Қаратөбеде – 24, Сырымда – 49, Тасқалада – 59, Теректіде – 104, Шыңғырлауда 20 адамның індет жұқтырғаны белгілі болды.

1-16 шілде аралығында облыста клиникалық ауру белгілері бар 1 586 адам тіркелген.

Өңірде 3 388 адам жазылып шықса, 22 адам көз жұмды.


Соңғы жаңалықтар