БҚО-да Ресейден келген түркістандық студенттен коронавирус табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Ресейден келген түркістандық студенттен коронавирус табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімдігі мәлім еткеніндей, Түркістан облысының 21 жастағы тұрғыны Самара университетінде оқиды.

Ресеймен шектесетін «Сырым» автоөткелінен өткен кезде денсаулығына шағымы болмағанмен, алгоритмге сәйкес жедел жәрдеммен карантиндік стационарға жеткізілген.

Тағы бір науқас – Теңіз кен орнында жұмыс істейтін Батыс Қазақстан облысының 54 жастағы тұрғыны. Көрші Атырау облысынан келуіне байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, тест қорытындысы теріс нәтиже көрсетуіне байланысты үйінде оқшауланған. Дене қызуы көтерілгеннен кейін медицина қызметкерлері қарап, зертханалық сынама алынған.

Коронавирус анықталған қалған жеті науқас – медицина қызметкерлері. Олар бұрын ауру жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған.

ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен барлығында COVID-19 диагнозы расталғаннан кейін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.

Науқастармен қарым-қатынаста болғандар медициналық бақылауға алынып, ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 288-ге жетіп, соның 133-і емделіп шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың дені Ресей мен Атыраудан келгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар